НАМАЗЫМ МЕНЕН АЛЫСТАП БАРАДЫ, НЕ ІСТЕЙМІН?
НАМАЗЫМ МЕНЕН АЛЫСТАП БАРАДЫ, НЕ ІСТЕЙМІН?

   Сәлеметсіз бе! Намазды оқығаныма 6 жыл болды. Бірақ намаз менен бара-бара алыстап кетті. Намаз оқуға ерініп жүрмін. Білмеймін, не істерімді. Оқығым келсе де, әлі оралар емес. Иманымды жоғалтып алғандаймын. Ақтоты.


  Сәлеметсіз бе! Қадірменді Ақтоты, намазыңыздың сізден бара-бара алыстап кетуі - ықылассыздықтан туындайды. Намазға деген ынтамыз, ықыласымыз азайғанда, намаз - бейне бір спорт жаттығуы секілді болып қалады. Қимылдар орындалғанымен, ішкі жан дүниеміз - ғапылдықта. Бұл күй ары қарай жалғаса берсе, намаздан мүлдем қол үзіп кету де ғажап емес. Кейіннен адам өзгелердің көзінше ғана оқып, жеке қалғанда ойына да кіріп-шықпайтын күйге жетеді. Құран тілімен айтар болсақ: «...Намазды олар немқұрайды, көрер көзге ғана оқиды. Ондай намаз оқушыларға неткен өкініш...»[1]. Алла бізді мұндай күйден сақтасын.

Немқұрайлылық – ықылассыздықтан, ал ықылассыздық – жүректің ғапылдығынан, иманның әлсіздігінен туындайды. Осы тұрғыда мынадай кеңестер айтар едік:

Біріншіден – мүмкіндік болса, аудио-видео уағыздарды жиі тыңдап тұрған жөн. Жаратушы иеміз айтқандай: «Насихат айт, шынында ол – мүминдер үшін пайдалы»[2]

Екіншіден – жүректегі нұрды сөндіретін бос сөздерден, арзан күлкілерден мейлінше бойыңызды аулақ ұстаған дұрыс. Қасиетті Құранда: «Мүминдер – шын жетістікке жеткен жандар. Олар – намазды ықыласпен өтейтіндер. Олар – бос нәрселерден аулақ болушылар»[3], - делінеді.

Осы орайда айта кету керек, кейде намаз оқып жатқанда келесі бөлмеде теледидардың дауысы естіліп жатады немесе онда қызықты бағдарлама жүріп жатады... Ондайда ең жақсысы теледидарды сөндіріп, одан кейін барып намазды бастаған абзал. Осылайша намаздың маңыздылығын сезінген боласыз.

Үшіншіден – күнде бір уақыт ең кемі жетпіс мәрте не одан көп «Астағфируллаһ» деп айтуды әдетке айналдырыңыз. «Астағфирулла» дегеннің қазақша мағынасы «күнәмнің кешірілуін Алладан өтінемін» дегенді білдіреді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Мен күніне жетпіс мәрте Алладан кешірім тілеймін», - деген. Мұнда бастысы -бос, тыныш уақытты таңдаған дұрыс. Мысалы, таң намазын оқып болғаннан кейін тәспіңізді алып, мағынасын ұғына отырып, шын жүрекпен «Астағфирулла», яғни, «Алладан күнәмнің кешірілуін өтінемін» десеңіз, Алланың қалауымен жүрегіңіздегі иманыңыз қуаттана түседі. Кеуіп, қатып қалған топырақты су қалайша жібітетін болса, истиғфар (Алладан кешірім тілеу) да жүректі солай жібітіп, оған жан бітіреді. «Астағфирулла» деп арапша айту шарт емес. «Аллаһым, күнәмді кеш» деп қазақша да іштей қайталасаңыз (ең кемі жетпіс мәрте) болады. Қайта, әлгі дұғаны қазақша қайталағанның әсері көбірек деген ойдамыз (арапша білмейтін кісілер үшін). Алла баршамызды ықыласты құлдардан болуымызды жазсын!

[1] Мағұн сүресі.
[2] Зарият сүресі, 55-аят.
[3] Мүъминун сүресі, 2-3 аяттар.

Абдусамат Қасым

 

Khan AliKhan Ali
1 год назад 1205
4 комментария
  • Алла сабыр берсін!
    1 год назад
  • Алла сүйген құлын сынайды. Сынақ келсе Алладан деп ұғынып, тәубеге келу ықыласты арттырады. Ардақты сахабаларымыз сынақ келмесе Аллам мені ұмытты ма дейді екен. Ал қазір біз сынаққа шыдай алмай, не жаздым дейміз. Одан да Аллаға тәуекел етіп, сабыр етіп, Алланы есімізге алуымыз керек.
    1 год назад
  • Намазын тастап кеткен жан Алладан бір нәрсе сұрауға ақысы жоқ делінеді. Алла одан сақтасын!
    1 год назад
  • Намазыныз алыстаса күнә низди ойланыз Алланың адамға берген ең улкен сыйы намаз
    1 год назад
О блоге
0
62072 96 208 783 121