БҮГІНГІ ТАҢДА ЖАСТАРДЫҢ ДІНИ ТАНЫМЫ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСУДА?
БҮГІНГІ ТАҢДА ЖАСТАРДЫҢ ДІНИ ТАНЫМЫ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСУДА?

Бүгінгі таңда жастардың діни танымы қалай қалыптасуда?
«...ұлтшыл бола алмаған діндар да бола алмайды...»

(Түнгі сұқбат)

Ұйқыңыз келмей ме? Келіңіз онда, төрлетіңіз!

- Ассалаумағалайкүм аға! Ойланып кетіпсіз ғой. Бір сауал бар еді...
- Уағалайкүмүсәләм! Мына самсаған жұлдыздарға бір жастарға бір қарап ойға батып тұрғаным... Қанекейі төрлет. Шайдан ал. Енді айта бер.
- Аға жастар демекші осы өткен әңгімеде де жастар туралы сөз қозғап қалып едіңіз. Соны әрі қара өрбітсек. Ашығырақ айтсақ жалпы бүгінгі таңда қазақ жастарының діни танымы қалай қалыптасуда? Көңліңіз тола ма өзі?
- Һм... «Көңлің тола ма?» дейсің бе? Қиын сұрақ. Е, шырағым! Десекте мен секілді қартайған әркімді мазалап жүрген сауал екен. Сендей жастардың мұндай сауалдың мазалағаны көңілдегі күпті басып, күмәнді шаяды екен. Е, қазіргі мына заман қиын болып тұр ғой өзі. Осы күннің жастары күн ертең мың жылдан бері «қазақ елі» болып қалыптасқан елдің аманатын кейінгі ұрпаққа толықтай бере ала ма екен өзі? Біз бала кезімізде ауылда өстік. Шынымда айтсам «Совет» заманында өссем де бала күнімде оны көп түсіне алғаным жоқ. Ауылда ата-әжелер көп болды. Соларды көріп діни танымым да ұлттық санам да солай қалыптасты. Үйге келген қариялардың қолына су құюдың өзі үлкен мектеп еді. Олардың әңгімесі мен берген баталары өз алдына жыр-дастан. Атам жарықтық Сырдың молдасы болғандықтан да жасымнан Құран тыңдам өстім. Бұл жерде мен өзімді айтқалы жоқпын. Айтпағым сол кездегі дана қариялар жоқ бұл күнде. Оның орнын кешегі «Советтің» шекпенін киіп, соның мәдениетімен өскен қариялар басты. Анау әліппенің өзін алып қарашы. «Советтің» атасына шекпен жауып, басына тақия кигізіп қойыпты. Олардың бұл күндегі айта әңгімесі мен ертегісі «саясат» болып алған. Оны әрине немелері тыңдамайды. Әжелер ғана аздап бірдеңе айтқан болады. Бірақ бәрібір кешегілердей бола алмайды. Сонда қарағым бүгін жас ұрпақ діні мен салтын, әдет-ғұрпын қайдан үйренеді? Мектептен бе? Ол жерде әлі күнге дейін «адам маймылдан жаралған» деп сарнайды. Бала «атам маймыл болған ба?» басы қатады. Мешітке барайын десе көбінесе ата-ана «барма, уахабист болып кетесің» деп тежейді. Намазға жығылып, орамал тақса «үйбәй қарғам-ау! Жас-жас болып бұл неғылғаның? Әжең мен атау анау жетпіске келсе де намаз оқымайды» деп қарсы болып жататыны тағы бар. Одан қалса қазақтың дәстүрі дейміз. Қазақи идеология дейміз. Әлгі көгілдір жәшіктің ішіне кіріп алып сайраймыз кеп. Сондағы бүгінгі жастың түсінгені қазақтың дәстүрі дегені – наурыздағы киінген киім мен киіз үй, құрт-ірімшік. Әрлі берлі ұзақ ойланған бүгінгі жас ұрпақ өзара іштей жүректерімен тілдесіп: «Қой, жоғарғы буыннан қайыр жоқ. Өзіміз іздеп табайық» - деп мешіт алдарынан кітапша іздеп, ғаламтор шарлап мүлде ата-ана, әже-аталарынан басқа жаққа бір түнде үдере көшіп кеткен. Сол кеткеннен мол кеткен. Енді бүгін өз-өздерімен ел болуға тырысуда. «Ата-бабаларымыз мұсылман болған екен. Ханафи болған екен. Біз де соны ұстауымыз қажет десе енді бірлері «жоқ, оны қайтесің ата-бабаң адасқан «бұрынғының», «алғашқының» жолын ұстану керек деп әртүрлі пікір таласқа түскен. Бұларға «дәстүрлі дінді» меңзеп көрсетіп тұрған негізі мешіттердегі имамдар. Бірақ бір қызығы олардың басым көпшілігі жастар. Қария имам жоқтың қасы. Атасынан аманат алып сол аманатты жеткізіп тұрған қария имам бұл күнде жоқ десе де болады. Жас имамдардың қасында бірлі-жарым қариялар бар. Бірақ олардың берері тым аз. Қайта олар имамдарға шәкірт болған. Ал имамдар дегеніміз бұл күнгі сол жастар. Өз беттерімен анда-мұнда барып дін үйреніп келген. Иә, «Совет» көрген бұл күнде қырықтан асқан толқын Ислам дінін мойындайды. Бірақ олар қысылғанда молда шақырып, Құран оқытқаннан тіпті әрі кетсе оразада аздап ораза ұстаумен ғана шектеліп қояды. Намаз оқып дінге бет бұрғандары аз. Ол аға буын да жастарға ұстаздық ете алмайды. Сондықтан бүгін жас ұрпақ өз бетімен дінді үйренуге тырысуда. 

)Шайдан алып отырсай, суып қалады ғой. Әкел бері жаңартып жіберейін.)

Сонымен тағы бір айтарым ел асып дін үйреніп келген жастар көп. Бірақ солардың басым көпшілігі кітап жазуға кұмбыл емес. Тек уағызбен шектеліп жатады. Кітап дегені бұл күнде діни кітапшалар. Олардың тоқсан пайызы аударма. Шет елдің тілі әсер еткендіктен қазақтың сарынымен аудара алмай жатады. Бұл да жақсы. Бірақ бұлардың ішінен кешегі мың жылдық ата-бабамыздың сарын-уағызын таба алмайсыз. Мұны көріп мен секілді қазақтың елуді алқымдап, алпысқа жақындап қалған ұлтшылдары «қазақы сарын» жоқ деп шулайды. Арабтың, түріктің, парсының иісі бар деп сынайды. Ал солар мықты болса егеменді ел болғанымызға жиырма жылдан асты. Бармай ма шетелге, оқымай ма? Әсіресе жазушылар. Шет елге барып араб тілін меңгеріп, дінді үйреніп елге келіп қазақи сарында уағыз-роман жазбай ма? Әлде сені біреу ұстап қалды ма? Жоқ. Оны ұстап бір-ақ нәрсе. Олардың дінге деген немқұрайдылығы. Бүгінгі жас ұрпақ аманатын сұрайды. Дін сұрайды. Сол аманат зиялыларда бар ма? Олар басқа әлемде, жас ұрпақ басқа әлемде ғұмыр кешуде.

Әлқисса тағы бір ойым жастарды үйретпек тұрмақ бұзып жатқан нәрсе көп. Мысалы сол көгілдір жәшікте бұл күнде қазақтан басқаның бәрі бар. Үндінің мәдениеті бар. Әлгі «Ананди» дегенді қаншама жылдан бері көріп келеді. Жас ұрпақ енді өз салтын үнді деп ойлай бастады. Оның діні де санаға сіңіп барады балалардың. Ал бұл апат. Бір Ананди беру мың кришнайдтан жаман. Одан басқа т.б толып жатыр. Мұның бәрі жас ұрпақтың мың жылдық сара жолдан тайдыруға жетіп жатыр. «Әу, аға буын! Ұрпаққа жақсылық жасамасаң жасама! Тым құрыса жамандық жасамашы» деп айқай салғым келеді. Бірақ мен молда мұғалімнің жан айқайын тыңдайтын кім бар дейсің? Ол ол ма, Құрманғазы атамызды масқаралап жатыр. Оған қой деген аға буын жоқ. Мұның бәрі жасұрпаққа қатты әсер етеді. Болашағына әсер етеді. Менің ұғымымда ұлтшыл бола алмаған діндар да бола алмайды. 

(Сен бала шайды көп ішпейді екенсің. Өз басым көк шайды ұнатам)

Тағы бір қосарым жас ұрпақтың дінді үйренуі халал жеуден басталады. Ал бұл күнде бүгінгі ұрпақ әсіресе қалалы жерде жастар не жеп жүр? Тоқсан пайызы химикат тағамдар. Ағзаға залал астар. Газды нәрселер. Таза ауа жоқтың қасы. Көптеген тағамдар бар харам араласқан. Бұлардың бәрі жас ұрпақтың геніне тіпті санасына кері әсерін тигізеді. Мәңгүрттікке итермелейді. Бүгінгі жастар бір-бірімен сырласпайды, ұялы телефонмен ымдасадады. Бір-бірімен асық ойнап, гүл теріп, жауқазын қазып қырды аспайды, үйде компютермен ойын ойнап түнді асады. Бұған кінәлі біз әрине. Жас ұрпақ жас ағаш тәрізді. Қалай бағыттасаң солай қарай өседі. Бақ кінәлі емес, бағбан кінәлі.
Иә, ұрпақ әлі де жақсы ғой. Бірақ «жаман айтпай жақсы жоқ» деп айтқаным ғой. Ендеше сен өзің айтшы! Бүгінгі жастардың діни сауаты қалай?
- Ұғындым аға!
- Солай. Сендей жастары бар бұл қазақ әлі де кеш болмай әйтеуір бір күні ескі арнасын тауып ағары анық. Олардың осы халі – жоғалтқанын іздеудің белгісі. Ал тынбай іздеу, іздену – ықыласты дұға болмақ. Ықыласты дұға қашан да қабыл болмақ иншалла. Алла Тағала елімізге, жұртымызға, жастарымызға иман, ихсан, жарқын болашақ нәсіп етсін. Қой үйге қайталық. Шайдан да алмапсың.
- - ...

Мұхитдин ИСАҰЛЫ

Khan AliKhan Ali
9 жыл бұрын 4631
0 пікір
Блог туралы
0
62072 96 208 783 121