ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ. ӘЛЕУМЕТПЕН ЭКСПЕРИМЕНТ
ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ. ӘЛЕУМЕТПЕН ЭКСПЕРИМЕНТ

«Кеше үйдің электр тогын үзіп кеткен. Содан фейсбукке кіре алмай қалдым. Амалсыз, үйдегі аға-інілеріммен сөйлескем ғой. Былай жақсы адамдар екен».

Мен әуелде әлеуметтік желіні мектептегі достарыммен байланыста болу үшін ашқанмын. Иә, бастапқыда тек қана өзімнің сыныптастарым болды. Ары кетсе бірді-екілі ауылдасымды табатынсыз. Уақыт өте берді. Сыныптастарым тұрған қатарда мүлдем танымайтын «френдтер» бой көрсете бастады. Міне, Аша Матай, әнебіреуі – Гастарбайтер лақабын алыпты. Олардың жазғандары қызық секілді ме, қалай? Уақыт өте берді. Жұмысқа келген бетте – ең әуелі әлеуметтік желіні ашатын болдым. Жаңалықтар лентасы деген пәлесі бар. Кім не жазды, не сурет қойды, соның барлығын көрсетеді. Не керек, сол жаңалықтар лентасымен кемі 3-4 метр төменге түсуді шығардым. Бейбіт Сарыбайдың әнеу бір «постына» лайк басам, Сатыбалды Кербабайдың бір ауыз сөзіне коментарий қалдырам. Осылай отырғанда жұмыс уақытым да бітеді. Ештеңе бітірмеген күйі орныман тұрамын. Компьютерді қимай-қимай өшірем. Өшіргенім сол телефондағы интернетті қоса қоямын. Көзім екі қолымдағы құрылғыда. Шытырлатып жазып жатырмын, жазып жатырмын. Анда-санда төңірекке бір қарап қоямын. Автобусым келді ме деп. Сосын, қолымдағыға қайта үңілемін. Не керек, сол басымды төмен салған күйі үйге келемін. Әйелім күлімдеп қарсы алады. Бетіне бір қараймын, бірер секунд көзіміз түйісіп қалатын шығар. Осымен бітті. Көзімді бұрып әкетемін де, сол баяғы телефоныма шұқшиямын. Тамақ жеп отырып та, фейсбукті тексеріп қоямын. Әлгіні қолымнан босатқан кезде, ол бәлең, ти-ти етіп белгі береді. Біреу хат жазды немесе суретіме лайк басты, деген сөз бұл. Осы кезде аузыма жетіп қалған қасықты тастай сала, телефоныма ұмтыламын. Жұдырықтай заттың бетіне қарап күлем, ыржиямын. Ренжимін. Сырттан қараған адамға жынданған кісі секілдімін.

Ал бұрын қандай еді? Осыдан бір жыл бұрын ғана, әйеліммен бірге паркке қыдырушы ек. Театрға баратынбыз. Келгесін сол қойылымды талқылайтынбыз. Түн ортасына дейін ұйықтамайтынбыз. Бір-бірімізге сырымызды айтатынбыз, арманымызбен бөлісетінбіз. Қазірде түн ауғанша ұйықтамаймын. Айнала қап-қараңғы. Тек менің ғана түрім көрінеді. Ақшыл-көк сәуле жүзімді шомған... Жоға, әулие болып кеткен түгім жоқ. Бұл – Нұрбек фейсбукте отыр деген сөз.

Не керек, осы әлеуметтік желіге тәуелді болғаным сонша, тапсырмамды уақытында орындай алмайтын болдым. Отбасыммен байланыста үзілді. Фейсбукте отырған кезімде анам хабарласа қалса, кәдімгідей жақтырмай қалатынмын. Шаруамды аяқтай алмай жатқанда, бұл да бір жағаласып деп. Стоп! Қандай шаруа? Анаңнан қымбат не болушы еді? Өзіңнің бүкіл жұмысыңды ысырып қойып, біреудің лайкынан үміттеніп жазған мынау шылдыр-шатпағым еңбек пе? Бұл «посттарым» үшін біреу ақша төлей ме? Жоқ. Бүйте берсем, айлық алып отырған қызметімнен айырыламын. Бұл – бер жағы. Ең соңғысы – анамның көңіліне қаяу салатынды шығардым. Әйеліме деген махаббатым сөніп бара жатқандай. Жоқ. Құрып кетсін бұл фейсбугі. Сөйттім де, әлеуметтік желінің баршасына «ораза ұстадым». Керемет! Сонымен, әлеуметтік желіден өзімді арашалап алғанда, не күйде болдым? Қызық болса, кеттік.

Өлген ми қайта тіріледі

Бірден ескертейін, өлген сана дегенді тіке мағынасында түсінбеуіңізді сұраймын. Неге әлеуметтік желіге байланған адамның миы, санасы өлген деп есептеймін. Дәлелдейін. Мәселен сіз фейсбуктегі жаңалықтарды оқимын деп, монитор алдында «көміліп» отырғанда, айналаңызда не болып жатқанын білмейсіз, байқамайсыз да.

«Комп» алдында бүкшиіп отырасың. Ал сағат 18:00 балабақшадан қызыңды алып келу керек. Жоқ, сен әлі отырсың. Саған «френдтермен» жазысу қызық болып тұр. Ал, «садикте» қызың отыр мөлейіп. Барлығының әке-шешесі келіп, ұлдарын, қыздарын киіндіріп жатыр. Балапаныңды тәрбиешілер бір бөлмеге отырғызып қояды. Күт әкеңді деп. Бір уақытта, өзіңді қинай-қинай сол бала-бақшаға барасың. Бір қолыңда жетекке ілесе алмай шалынып келе жатқан қыз. Екінші қолыңда телефон. Неге жетісіп, неге мәз екеніңді былайғы жұрт білмейді де. Қызың «әкешім» деп бірдеме сұраған болады. Сен қойшы, деп аузын аштырмайсың. «Құдай мені телефон қылып жаратқаныңда ғой. Әкем маған ғана қараушы» еді деп ұрпағың іштей жалбарынып келе ме? Тоқта! Телефонды қалтаңа тық. Қарашы қызыңа. Құшақтай алшы. Ол сені сондай жақсы көреді ғой?! Төңірекке қара. Қандай әдемі, иә? Көршінің есігін қақ. Қонаққа шақыр оларды. Міне, осы кезде, виртуалға маталған ми қайта тіріледі.

Жұмысың өрге басады

Өзім журналист болғасын, ғаламторда көп отырамын. Тиісінше менің ең бірінші жауым ол – әлеуметтік желі. «Кім маған хат жазғанын көре салайын, 3-4 минут қана отырамын» деп, фейсбукке кіремін ғой баяғы. 3-4 минутым шынымды айтсам, 3-4 сағатқа айналып кетеді. Содан компьютеріммен әлеуметтік желінің ешбіріне кіре алмайтындай етіп тастадым. Байқаймын, жұмысым нәтижелі бола бастады. Сөйтсем, сәл ішім пысса, әлеуметтік желіні ақтарады екенмін ғой. Қазір, бос уақытымды ақпарат іздеуге арнаймын. Жанымдағы журналистен ақыл-кеңес сұрауға жұмсаймын...

Уақытыңды пайдалыға жұмсайсың

Әлеуметтік желілер өте көп уақытты алып қояды. Ананың жазғанын, мынаның жазғанын оқып, күннің тең жарымын өткізуге болады. Дәл осыншама уақытта пайдалы іске арнасаң ғой. Мәселен, аға-әпкелеріңді ертіп тауға барсаң. Арқа-жарқа болып әңгімелессең. Шын айтшы. Түскі үзілістің кезінде, тамақта ішпейсің ғой. Сол әлеуметтік желіге желімденіп отырасың. Соның орнына сүйіктіңе хабарлас. Бірге барып түстеніп қайт. Ең соңғысы жұмысыңның жанындағы спорт кешеніне бар да, жүгір, суға түс. Сөйтіп денсаулығыңа арнашы, әлгі рәсуа болып жатқан уақыттарды.

Нағыз досың кім?

Ғаламтор мүлдем бейтаныс адамдарды лезде дос, құрбы ете алар қуатқа ие. Былайғы өмірде, бірдеме айтар алдын, алдыңызда тұрған адамның көңіл-күйін бағып сөйлейсіз. Көңілінен шығу үшін, айтар ойыңызды бірнеше сағат бұрын ойланып аласыз. Дос деген құрметке ие болу үшін, қиын кезде көмек бересің. Болысасың. Ал интернетте қалай. Біреу басындағы жағдайын айтып, пост жазса, онысына комментарий қалдырсаңыз, ол сізді құрметтеп жүретін болады. Интернет әлемінде. Біреу сізді досым деп тануы үшін, оның «жазбаларына» лайк басып тұру, мәселен жеткілікті. Өзің осылай істейсің. Өзгелерде саған дәл осыны қайталайды. Біреу сенің фотоларыңа қоймай лайк басып шығады. Мыңдаған «френд» сен жазған бүкіл дүниеге коментарий қалдырып жатады. Менің достарым көп. Сөзімді сөйлейтіндер мың деп ойлай бастайсыз. Тоқтай қал! Әлеуметтік желіні өшіріп тастаңызшы. Әлгінде ғана мыңғырып жүрген бірде-бір «френдті» жаныңыздан таппайсыз. Шын қиналғанда дос адам лайк баспайды, керісінше жаныңнан табылады. Демеу болады, жәрдем етеді. Кімнің нағыз дос екенін, осы желілерді өшіріп білуге болады.

«Like» нені білдіреді?


Әлеуметтанушы ғалымдар «қандай да бір жазба немесе суретке лайк қойылған болса, ол лайкты басқан адамға анау «пост» міндетті түрде ұнаған деген сөз емес, бұл жәй ғана, әлгі жазба иесіне «мен бұл суретті көрдім» деген есеп беру секілді ғана болып қалған» дейді. Шыны керек, көбіміз дос болғаны үшін немесе бір жерде шәй ішкені үшін қайсібіреулердің «жазбасына» лайк қойып жатамыз. Бірақ, әлгі «пост» бізге мүлдем ұнамауы мүмкін. Қысқасы, жазбаңа мыңдаған лайк басылып жатса, дандайсудың, өзіңді «жұлдыз» санаудың түкке қажеті жоқ. Біреулер 99 болып тұр екен, мен 100 етейін деп те, «маған ұнады» деген белгіні түрте салуы мүмкін.

Қажетсіз эмоциядан арыласыз

Әлеуметтік желінің бір жаман қасиеті бар. Мәселен кеше балыққа барғансыз. Соны фейсбукке жарияладыңыз. Ешкім лайк баспайды. Бірде-біреу комментарий жазбайды. Ыңғайсыздана бастайсыз. Сосын әлгі жазғаныңызға суреттер байлайсыз. Сонда да, ешкім жазбайды. Ал сенімен бірге балыққа барған, сол фотоларын әлеуметтік желіге қойған достарыңда «лайк»тар қаптаған үстіне қаптап жатыр. Ал саған ешкім «ұнады» дегенді баспайды. Осы кезде өзіңді қор сезіне бастайсың. Фейсбугіңді жапқан кезде, сен мүлдем басқа адам болып тұрасың. Ашулысың. Себебі – әлеуметтік желіде саған ешкім назар салмай қойды. Эгоң қанағаттанбай қалды. Бұлай бірнеше рет қайталанса, сен зұлым адамға айналасың. Осы ма керегі? Рас, құрметке бөленгенді кім жек көрсін? Мұны шынайы тіршілікте жүзеге асыруға болады. Балаңа қағаздан ұшақ жасап бер. Балапаның сені құшақтай алсын да, бүкіл жұртқа: Менің әкешім клутоой, деп мақтанып жүрсін. Ұнайды ма? Иә. Анаңа көмектес. Аяғын ыстқы суға малып, табандарын уқалап бер. Маңдайыңнан шөлпілдетіп сүйіп, мейірімін төксін. Ұнай ма? Иә! Жұмыстағы әріптесіңе шеше алмай жатқан мәселесін түсіндіріп, көмектес. Ол сені бұдан былай құрмет тұтатын болады. Ұнай ма? Иә! Олай болса, фейсбукті өшір! Басқалай да, құрметке бөленуге болады.

Жалғандықтан құтылу

Расымен де, әлеуметтік желі – адамды өз өмірін өтірікпен бейнелеуге итермелейді. Асқар дейтін блогер бұл жайында бүй депті: «Әлдекімдердің әлеуметтік желідегі парақшасын мұқият қарап, суреттері арқылы оның болмысы жайлы пікір тудыруға тырыссаңыз, кілең патиден патиге, отырыстан отырысқа, жетістіктен жетістікке, марапаттаудан саябаққа, саябақтан саяхатқа секіріп жүруден қолы бір сәт босамайтын, бақытты жанды көрер едіңіз. Кім терезе бетін тозығы жеткен дамбалымен жапсын, оюлы перде қоямыз да көбіміз. Ол бізге тиісті ортаға тиісті әсер тудыруға көмектеседі. Біреуге жасқаншақтықты бүркеуге, алғашқы қадам жасауға мүмкіндік береді, ал біреуді бетпердесінің құлына айналдырады». Алып-қосарым жоқ.

Әлеуметтік желі үшін – жарнама оқитын біреусіз

«Әлеуметтік желіні ашқандар мені мен достарымның арасындағы қарым-қатынастың өршігенін қалайды. Олар осы үшін барын жасайды». Мен бұрын осылай ойлаушы едім. Әлеуметтік желіге қандай да бір істі жеңілдететін функция қосылса, әлгінде ойымды қуаттай түскендей көрінетін. Сөйтсем, ақиқаты сол, әлеуметтік желілер үшін біз бар болғаны – жарнама оқитын, әлеуметтік желілер ұсынатын ойындарды ойнайтын, солай миллиондаған ақша түсіретін байғұс «аккаунт» қана екенбіз. 

Осы мақаланың басында, мен бұл әлеуметтік желіні достарыммен байланыста болу үшін ашқан ем деген сөздермен бастап едім. Иә, біздер соңғы уақытта, фейсбук, вконтакте дейтін сайттардың әуелгідегі негізгі миссиясын, яғни достармен байланыстырушы функциясын ұмыттық. Қазір бұл әлеуметтік желілер дос табуға, жағдайын сұрасуға көмектеспейді. Бұл сайттар адам үшін қақпанға айналды. «Френдтерінің» жаңартылған статусын оқимын, фотоларыма қойылған «лайктарды» санаймын деп, қайта-қайта кіре беретін адамға қараңызшы. Темекіге құныққан кісінің сиқына келеді. Ол да, қажеттілігі оянсын, оянбасын шылым шеге береді, шеге береді. Жоқ, мен әлеуметтік желілерді жоқ қылу керек деп жатқаным жоқ. Тек ойланыңызшы. Күніне сол сайттарға 30 рет кіргеннен бірдеме таптыңыз ба? Жоқ. Олай болса, әлеуметтік желіге «отыз күн ораза» ұстап әлеуметтік эксперимент жасап көрші. Сосын әсерінмен бөлісерсің.

Нұрбек БЕКБАУ

Khan AliKhan Ali
9 лет назад 6893
7 комментариев
  • Бүгінгі келбетіміз!!!
    9 лет назад
  • Өте дұрыс, өте жақсы жазылған.
    Ағамның әлеуметтік парақшасын өшіріп, былай деп жазып қойғаны бар еді: "Возвращаюсь из виртуального мира в настоящий мир".
    9 лет назад
  • Рас айтасыз, соңғы бес-алты жыл бұл нəрсе індетке айналған сыңайлы. Жалғыз көзді тажал)). тағы он жылда "темекі" секілді жұмыс орнында, көпшілік орындарында, ғимарат ішінде т.б. осы сияқты жерлерде əлеуметтік желіні қолдануға тыйым салатын заң шықса таң қалмас едім.
    9 лет назад
  • Дұрыс мəселе қозғалған екен. Мен де бір жылдай қолданып көрдім. Сосын оған "талақ" тастадым.
    9 лет назад
  • Барлығы да уақытша ма деймін. Мен де біраз уақыт "ауырып" едім. Енді қойдым. Шынымен де жақсы екен, бостан бос шаршамайсың.
    9 лет назад
  • "Когда технологии заменят живое общение - мы получим поколение идиотов"
    -А.Эйнштейн
    9 лет назад
  • А.Эйнштейн дана ғой
    9 лет назад
О блоге
0
62072 96 208 783 121