Ибрахим әт-Тәймий (рахматуллаһи алайһ) былай дейді: «Мүмин бола тұра ақырының не боларына алаңдап, қорықпайтын адамның жәннатқа кіретініне күмән бар. Өйткені, жәннат тұрғындары жәннатқа кіргенде былай деп айтады: «Біз бұдан алдын дүниеде отбасымыздың арасында ақырымыздың не болатынына алаңдап, қорқатын едік».» (Тур,26)
БҰЛ ЖЕРДЕ КӨЗ ЖАСЫН ТӨГУ ПАЙДА БЕРМЕЙДІ
Бір күні Аллаһтың елшісі ﷺ Жәбрейілден (әләйһиссәләм) жәһәннам жайында айтып беруін сұрайды. Жәбірейіл (әләйһиссәләм) ұзақ уақыт жәһәннам туралы айтып береді. Жәһәннамда болатын корқынышты жағдайларды естіген Аллаһтың елшісі ﷺ денесі түршігіп, есінен таңып қалады. Есін жиып өз-өзіне келгенде Жәбірейілден (әләйһиссәләм):
- Ей Жәбірейіл осындай қорқынышты жерге менің үмметім кіреді ме? — деп сұрайды. Жәбірейіл (әләйһиссәләм):
- Ия, үмметіңнің ішінде үлкен күнә жасағандар жәһәннамға кіреді, — деп жауап береді.
Бұны естіген Аллаһтың елшісі ﷺ көз жасын тыя алмай, қатты жылайды. Осыдан кейін бөлмесіне қамалып, адамдармен жолығуды қояды. Сыртқа тек намаз үшін ғана шығатын болады. Үш күн өткен соң Хазіреті Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) Расулуллаһтың ﷺ есігінің алдына келіп:
- Расулуллаһпен көрісуге болады ма екен? - деп дауыстайды. Бірақ, күткен жауабын ала алмаған Хазіреті Әбу Бәкір (радиаллаһу әнһ) көзіне жас алып кері қайтады. Кейін Хазіреті Омар (радиаллаһу әнһ) келеді. Олда ешқандай жауап ала алмай, көзіне жас алып кері қайтады. Кейін Аллаһтың елшісінің ﷺ үйіне Сәлман Фариси (радиаллаһу әнһ) келеді. Ол да күткен жауабын ала алмаған соң көзіне жас алған бойда Хазіреті Алидің (радиаллаһу әнһ) үйіне қарай бет алады. Болған жағдайды оларға айтып береді. Мұны естіген Хазіреті Фатима (радиаллаһу әнһә) аласұрып, Расулуллаһтың ﷺ үйіне қарай жүгіре жөнеледі. Хазіреті Фатима (радиаллаһу әнһә) есіктен кіре бере әкесінің жылай, жылай жүзінің солғын тартып, көзінің айналасының үңірейіп қалғанын көреді де одан:
- Әкешім! Не болған сізге? — деп сұрады.
Расулуллаһ ﷺ:
- Уа Фатима! Жәбірейіл (әләйһиссәләм) маған жәһәннам жайында айтып берді. Үмбетімнің ішінде үлкен күнә жасағандардың жәһәннамға тасталатындығын айтты. Мені қайғыға түсіріп, жылатқан нәрсе осы еді, — деп жауап береді.
Сосын Хазіреті Фатима (радиаллаһу әнһә) күнәһар мүминдердің жәһәннамға қалай кіретінін сұрады.
Расуллуллаһ ﷺ:
- Күнәһарлар жәһәннамға қарай жетектеліп бара жатқанда «Уа Мұхаммед!… Уа Мұхаммед!…» деп, айқайлай бастайды. Бірақ, жәһәннамның қақпасына жақындап, сол жердегі қызметші періштелерді көргенде менің есімімді ұмытып кетеді.
Қызметші періштелер олардан:
- Сендер кімсіңдер? — деп сұрайды.
- Біз өздеріне Құран Кәрім түскен және Рамазан айында ораза ұстағандармыз - деп жауап береді.
Қызметші періштелер:
- Құран Кәрім Мұхаммедтің ﷺ үмбетіне түскен – деп, айтады. Сол кезде олар менің есімімді естеріне қайта түсіріп:
- Біз Мұхаммедтің ﷺ үмбетіміз — деп жауап береді.
Қызметші періштелер:
- Аллаһтың әмірлеріне бағынбаған құлдардың ақиретте жағдайлары қандай болатындығын білдіретін Құран Кәрім аяттарынан хабарларың жоқ па еді? – деп сұрайды. Олар:
- Хабарымыз болған. Бірақ, олардан ғапыл қалып, шайтанның артынан ердік,- деп жауап береді. Олар бастарына келген жағдайға қатты өкініп, қайғырады. Сол жерде ұзақ уақыт көз жастарын төгіп, жылайды. Жылай, жылай көздерінде жас қалмаған соң, жастың орнына қан аға бастайды.
Кейін қызметші періштелер оларға:
- Бұл жерде босқа жылап жатырсыңдар. Егер дүниеде жүргенде осылай жылағандарыңда ғой пайдасы тиер еді және қазір мына жерде жыламаған болар едіңдер, – дейді.
Содан кейін періштелерге «Оларды жәһәннамға лақтырыңдар!» деген бұйрық келеді.
МАХШАР АЛАҢЫ
Махшар алаңында махлұқаттың бір-бірімен иық тіресе сығылысатын сол сәтті бір ойлап көрші! Ол күні жеті қабат көк пен жеті қабат жерді мекендейтін періштелер мен жындар, адамдар мен шайтандар, жануарлар мен құстар, яғни барлық махлұқат сол жерге жиналады. Сол кезде ыстығы күшейген халде күн олардың төбелеріне екі садақ оғының бойындай қашықтықта жақындай түседі. Махшар алаңында бүкіл әлемнің иесі Аллаһ Тағаланың ғаршының (тақ) көлеңкесінен басқа ешқандай көлеңке болмайды. Ол көлеңкені тек Аллаһқа жақын болған құлдар ғана паналайды.
Әбу Һурайра (радиаллаһу әнһ) риуаят еткен хадисте Аллаһтың елшісі ﷺ былай дейді: «Аллаһ Тағала жеті сынып адамды ешқандай көлеңке болмайтын қиямет күні өз көлеңкесіне паналатады. Олар:
1. Әділ басшы.
2. Аллаһқа жастайынан құлшылық еткен жігіт.
3. Жүрегімен мешітке байланған кісі.
4. Аллаһ үшін бір-бірін жақсы көрген және бір жерге Аллаһ разылығы үшін жиналып, Аллаһ разылығы үшін сол жерден айрылған екі кісі.
5. Әдемі әрі дәулетті бір әйел шақырғанда «Мен Аллаһтан қорқамын», — деп шақыруын қабыл алмаған кісі.
6. Жасырын садақа берген кісі.
7. Аллаһты жалғыз зікір еткенде көзінен жас аққан кісі.
Күн ерітетіндей дәрежеде ыстық болады. Бұл ыстықтан адамдардың жаны қатты қиналады. Махшар алаңының тарлығынан сығылысқан махлұқат бір-бірін соғып, итереді. Кейбіреулері аяқтардың астында тапталады. Денедегі әрбір түктің түбінен тер ағады. Аққан терлер махшар топырағына түсіп, көлшіктер пайда болады. Бұл көлшіктер әркімнің Аллаһтың алдындағы дәрежесіне қарай тереңдейді. Көлшіктердің тереңдігі кейбіреулердің тізелеріне дейін, кейбіреулердің беліне дейін, ал кейбіреулердің құлақтарына дейін жетеді. Тіпті, кейбіреулер бойына дейін батып кетеді. Бұл жайында Аллаһтың елшісі ﷺ былай дейді:
«Қиямет күні күн жерге қарай жақындай түседі. Адамдар терлейді. Кейбіреулердің терлері тобықтарына дейін жоғарлайды. Кейбіреулердің тері балтырларының жартысына дейін, кейбіреулерінікі тізелеріне дейін, кейбіреулерінікі санына дейін, кейбіреулерінікі қолтығына дейін, ал кейбіреулерінікі болса аузына дейін жетеді.
(Осыны айтып жатып Аллаһтың елшісі қолымен аузын жауып көрсетеді)
Махшардағылардың сондай ауыр күнде жандарының қиналғанынан қалай терлегенін бір ойлап көрші! Олардың кейбірінің бұларға төзе алмай: «Раббым! Жәһәннамға тастап болса да мені мына қиындықтан құтқара гөрші!» — деп жалбарынатынын ойла! Бұлардың барлығы есеп-хисаб, амал дәптер берілместен бұрын болатын жағдайлар. Сенде осылардың арасында болатыныңды және терлеген кезіңде теріңнің қай жерге дейін жететінін ойла!
Сәуда (радиаллаһу әнһә) анамыз риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыз ﷺ:
«Адамдар жалаң аяқ, жалаңаш және сүннеттелмеген халде тірілтіледі. Терлер олардың құлақтарының жұмсағына дейін жетеді, - дейді. Сәуда анамыз (радиаллаһу әнһә) :
- «Уа Расулуллаһ! Еркек пен әйелдер аралас қой. Олар бір-бірінің әурет жерлеріне қарамайды ма, — деп сұрайды.
Пайғамбарымыз ﷺ :
- «Ол күні біреудің өзгеге қарайтын шамасы болмайды. Әркімнің басында өзіне жетіп-артылар қайғысы болады», — деп жауап береді».
Міне біз осыларды ойлануымыз қажет. Ол сондай қорқынышты бір күн әурет жерлер қанша ашық болса да ешкім ешкімге қарай алмайды. Ешкім әурет жерім көрініп қалды ау деп алаңдамайды да. Қалай алаңдасын?! Ол уақытта адамдардың кейбіреуі сүрініп, ал кейбіреуі етбетімен жүреді. Біреуге қарауға қайдан мүмкіндік болсын?!
Әбу Һурайра (радиаллаһу әнһ) риуаят еткен бір хадисте былай делінген: «Қиямет күні адамдар үш топ болып тірілтіледі. Олардың бір бөлігі көлік үстінде, бір бөлігі жаяу, ал бір бөлігі де етбетімен жүреді». Етбетімен қалай жүреді? – деп сұрағандарға, аяқтармен жүргізуге Құдіреті жеткен етбетіменде жүргізеді», — деп жауап береді.
ҚИЯМЕТ КҮНІНІҢ ҰЗАҚТЫҒЫ
Махлұқат көздерін көкке қарай бұрған бойда, ешкіммен сөйлеспестен және ешкімге бұрылып қарамастан, ішпестен, жеместен үш жүз жыл бойы аяқ үстінде тұрып күтеді. Қатадә (радиаллаһу әнһ) «Адамдар әлемдердің раббысы үшін тұратын күні» (Мутаффифин, 5-6) деген аяттың тәпсірінде үш жүз жыл күтетіндігін айтады. Абдуллаһ бин Омар (радиаллаһу әнһ) Аллаһ елшісінің ﷺбұл жайында «…Аллаһ Тағала сендерді махшарда елу мың жыл бойы жүздеріңе назар салмастан күткізгенде қалдерің қалай болар екен?» — дегенін риуаят етеді:
Хасан Басри (рахматуллаһи әләйһи) былай дейді: «Елу мың жыл бойы ешнәрсе жеместен-ішпестен аяқта күтетін қиямет күнін не деп ойлап тұрсын? Шөлден мойындар үзіліп, асқазандар күйіп-жанады. Міне сол уақытта жәһәннамға айдалады да ондағы заққумнан ішкізіледі».
Аллаһтың елшісі ﷺ қиямет күнінің ұзақтығы жайында сұраған адамға былай деп жауап береді: «Жанымды құдірет қолында ұстаған Аллаһқа ант етемін! Ол күннің қиындығы мүминдер үшін жеңілдетіледі. Тіпті оқыған бір парыз намазданда жеңіл болады».
Сенде осы жамағаттан болуға барыңды сал! Өміріңнен тек бір дем қалсада ол сенің пайдаңа екенін жақсы ұқ. Бұл күнге дайындалу өз қолыңда. Мына қысқа күнде, сол ұзын күн үшін күш-жігеріңді салып әрекет қыл! Сонда үлкен жетістікке жетесің! Мұндай жетістікке қуаныудың шегі жоқ. Дүниеге және дүниедегі өміріңе маңыз берме!
Ешқандай сауабы жоқ бақытсыз адамдарды жәһәннамнан қылқиып шыққан бір мойын оларды құстың жем шоқығанындай етіп шоқып іліп алып, жанып жатқан отқа қарай лақтырады.
Кейде ізгі амал, ал кейде күнә жасағандар көптікті құрайды. Олар сауаптарының көп пе, әлде күнәларының көп пе екендігін білмейді. Бірақ, Аллаһ Тағала кімнің сауабының, кімнің күнәсінің көп екендігін жақсы біледі. Мұны құлдарға білдіру үшін және кімді кешірсе, бұл Оның сыйы екендігін, ал кімді жазаласа, бұл Оның әділдігі екендігін көрсету үшін олардың амалдарын көз алдарында таразылап салыстырады. Таразылар қойылып, көздер амал дәптеріне ауады. Бұл — көздер шарасынан шығып, жүректер ауызға тығылатын сондай қорқынышты сәт.
Аллаһтың елшісі ﷺ былай дейді: «Қиямет күні азаптың ең жеңіліне тартылатын адамның аяғына оттан аяқ киім кигізіледі. Бұл аяқ киімнің ыстықтығынан оның миы қайнайды».
Әбу Саьйд әл-Хұдри (радиаллаһу әнһ) риуаят еткен хадисте Расулуллаһ ﷺбылай дейді: «Егер жәһәннамдықтардың денесінен аққан қанды іріңнің бір ожауы дүниеге төгілсе, бүкіл дүние сасып-бықсып кетер еді».
Әнәс (радияллаһу әнһ) риуаят еткен бір хадисте былай делінген: «Қиямет күні жәһәннамдықтар жылай-жылай көздерінің жасын тауысады. Олардың көздерінен аққан қан жүздерінде бір жарық-ойық сияқты көрінеді. Көз жастары көл болғандығы соншалық кеме жіберілсе, жүзер еді. Олар рұқсат берілген уақытқа дейін жылап, сыздайды. Бұл олар үшін бір жеңілдеу, рахаттау еді. Бірақ, сәлден соң оларға жылап, сыздауға да тыйым салынады. Сол кезде олар: «Уа Раббымыз! Бізді екі рет өлтірдің және екі рет тірілттің. Күнәләрімізді мойындадық. Бірақ, бұдан шығар бір жол бар ма?- дейді.(Мүминун, 11)
Әбу Зәр әл-Ғифари (радиаллаһу әнһ) риуаят еткен бір хадисте Аллаһтың елшісі ﷺбылай бұйырады: «Мен сендердің көрмегендеріңді көремін, естімегендеріңді естимін. Көк аспанда періште сәжде етпеген бос жер жоқ. Жанымды құдірет қолында ұстаған Аллаһқа ант етемін! Егер менің білгендерімді білсеңдер аз күліп, көп жылар едіңдер».
Аллаһ Тағала адам баласын жаратқан соң оны өз еркіне жібере салмаған. Ол істеген әрбір ісі үшін бір күні жауапқа тартылады. Есеп беретін күні ешкімнің ешкімге пайдасы да, көмегі де тимейді. Әркім өз есебін өзі береді. Өйткені, Құран Кәрімде былай делінеді: «Ей адамдар, Раббыларыңнан сақтаныңдар! Әрі әкесі баласына, баласы әкесіне жәрдем бере алмайтын сондай бір күннен қорқыңдар!» (Лұқман,33)
«Ол күні кісі бауырынан, әкесінен және шешесінен, әйелінен және баласынан қашады. Өйткені, ол күні әркімнің басында өзіне жетіп-артылар қайғы бар» (Абаса, 34,35, 36).
Икрима (радиаллаһу әнһ) былай дейді: «Ол күні кісі әйелін кездестіреді. Одан дүниеде мен саған қандай күйеу болдым деп сұрайды. Ол, сен жақсы күйеу болдың деп, мақтай кетеді. Сосын күйеуі мен сенен бүгін бір ғана сауап сұраймын берсең бәлкім соның арқасында құтылып қалатын шығармын дейді. Әйелі: «сұрған нәрсең өте оңай, бірақ мен саған оны бере алмаймын. Өйткені менде сен қорыққан нәрседен қорқамын» дейді. Кейін баласын жолықтырады. Ей балашым! Мен саған қандай әке едім дейді. Баласы да: « сен өте жақсы әке едін» деп мақтап кетеді. әкесі одан «сауаптарыңнан титтейде болса берші, бәлкім сол арқылы құтылып қалармын дейді. Әкешім сұрап жатқаның оңай нәрсе бірақ мен саған бере алмаймын өйткені менде сен қорыққан нәрседен қорғамын дейді.»
Қасиетті Құран Кәрім жеткізген есеп күні сөзсіз бір күні келеді. Ол күні әркім істеген амалының майда-шүйдесіне дейін есебін береді. Шаңның тозаңындай болса да жақсылық жасаған кісі сыйын, шаңның тозаңындай күнә жасаған кісі де жазасын алады.
Ақиретке дайындық осы дүниеде жасалады. Дүниеден өт кен соң бәрі де кеш болады. Алдамшы дүние қызықтарына алданып, ақиреттен ғапыл қалмайық. Жаратушы Ием ақиретте бізді бақытсыз құлдардың қатарынан болудан сақтасын! Аллаһ Тағала барша мүминдерді өз рақымына бөлесін! Уа Раббымыз біздерге һәм дүниеде һәм ақиретте жақсылық бере гөр! Біздерді ақирет азабынан сақта!
Әмин!
ұстаз Ерғали Алпысбаев
HANAFI.KZ