АРМАНҒА ЖОҚ ІЗДЕТКЕН ҚАЙРАН ЗАМАН...
АРМАНҒА ЖОҚ ІЗДЕТКЕН ҚАЙРАН ЗАМАН...

Біз – жебемен тіс шұқып, қылышын қынабынан босқа суырмайтын, ел шетіне жау шапса жарғақ құлағы жастыққа тимейтін елміз. Бір атым насыбайға өкпелеп, «итің жаман» десе намыстанатын халықпыз. Әз Тәукеге жарғысын, Абылайға жарлығын жаздырып, Бұқарға тілегін тілетіп, Қазыбекке қазылық еткізген сол қазақтың ұрпағы азаттықтың ақ таңында ақиқатшыл ақындарына неге жоқ іздетті?
Жақында көкшетаулық белгілі айтыскер ақын Арман Бердалиннің «Жоқ іздеп жүрмін» атты термесі тыңдармандарға жол тартты. Бұл – біреуге қос ішекті домбы-раның шанағынан төгілген үнмен астасқан, күңіренген сарынды әуен болып естілуі мүмкін, ал «ұлтым» деп шырылдаған ұлт-жандылар үшін баға жетпес құндылық. Қолымызға қалам алдырғаны да осы қазақы иіс аңқыған тазалығы мен шынайылығы. Бұл термені тыңдап отырып, сөнгенің қайта жанып, жоғалғаның табылғандай қуанасың. Осы орайда көпшіліктің көкейін тескен бір сұрақ: «Арман неге жоқ іздеп жүр?». Ақын бұл термесінде ел, заң, егде тартқан қарттан бастап, бесіктегі балаға дейін, тіпті қыл аяғы киімге дейін іздейді. Төбедегісі келмесе де, төртеуі түгел бүгінгілер үшін Арманның бұл қылығы ерсі көрінуі мүмкін. Алайда, Арман бізге қымбат, қазаққа ғана тән бүгінгі күні ғайып болып бара жатқан құндылықтарды іздейді.
«Жоқ іздеп жүрмін
жоғалтып алып барымды,
Жол іздеп жүрмін
қайтарар өткен шағымды.
Тірлігім неге бүйректей кетті бүлініп,
Түндігім неге
түс аумай жатып жабылды…», – деп бастаған термесінде қолда барды қорғайтын заң, мұң мен зарды түсінетін жан іздейді. «Мұрагерлерді бесіктен бастап үйретіп, Құлагерлерді құлын күнінен баптаған», азансыз таңы атпаған ел іздейді. Арман мұның бәрін алыстан, айдаладан емес, өз төрімізден, жерімізден, жоғалған өткенімізден іздейді. Сонымен қатар ақын:
«…Қоғамым мынау қарғасын
төрде сайратып,
Тұлпардан озып бәйгелі болған есегі», – деп бүгінгі заманның ащы шындығын дөп басып, суреттейді. Мұны ақынның «көкесі» бардың күні күлімдеп, ақшасы бардың айы оңынан туып тұрған бүгінгі қоғамға деген жанайқайы деп түсінген жөн.
Ел басына күн туғанда «еңку-еңку жер шалып, егеулі найза қолға» алған ерлерді іздейді.
«Арыстарым-ай шетінен бәрі абадан,
Қырағы көзбен қияны шолып қараған.
Бұрынғы ерлер қорғаған ұлт пен ұрпағын,
Бүгінгі ерлер қатынын соғып, сабаған.
Жау келсе жауап береді деген батырлар,
Бірлігі кетіп бір-бірін алған жағадан», – дейді. Бізді елеңдететін де, алаңдататын да осы. Жауласқанның жалауын жығып, қарсыласқанның мысын басатын бұрынғылар мен қара бастың қамын жеген бүгінгі ерлердің айырмасы жер мен көктей. Арман айтпақшы, бұрынғы ерлер кең даласы мен ұлтын, ұрпағын қорғаса, бүгінгілердің жағдайы айтпаса да анық. Арман ақын осы тұста қурай басын сындырмайтын қуыс кеуделердің намысын жанып, жырымен қамшылайды. Қадірі, қасиеті қашпаған қарттарды іздейді. Соның ішінде бүгінгі дін емес, жынды дос етіп, карта ойнап, қадірі қашып, жастары жетсе де құлшылықсыз ғұмыр кешкен қарттарды емес, төрдің сәнін кіргізіп, дуалы ауыздарынан сүбелі сөздер төгіліп, бір ауыз сөзімен елдің басын қосқан абыздарды іздейді. «Немере емес мысығын», «шөбере емес күшігін күтіп», «майдың орнына маргарин», «шайдың орнына шарап ішкен» әжелерді емес, «қарынға салып май менен құртын баптап», кебежесінің түбіне сүрін сақтап, жақындарының жанашыры атанған әзиз әжені іздейді. Қазіргі таңдағы айтқанын заң қылып, ата-анасына қарттардың үйінен пана іздетіп жіберетін келін емес, үлкеннің алдын кеспей, иіліп сәлем салатын, қартайған ата-енесін барымен баптап бағатын келін іздейді. Бес батпан бояуын жағып, түнгі клубтарды мекеніне айналдырған қыздарды емес, қылығын қырық үй қадағалаған, Домалақ ана, Айғаным мен Зередей асылдардың сынығын іздейді. Ұяда жүріп ұятты ұмытып, экрандағы құбыжықтарға еліктеген баланы емес, сүтпен бірге сүйегіне мінез дарып, бес жастан би болып, оқ бойы озып атаның атын танытқан баланы іздейді. Балақты кесіп бақталас болып, шаһит болам деп шатасқан «дінді» емес, қанымызға сіңген дәстүрді қоса дәріптеп, «араларына жау түгіл дау да кірмеген» дінді іздейді. Құндылығын жоғалтып шұбарланған тілді емес, Махамбет пен Абайлар жыр-дастанын жазған, тұнығы лайланбаған отты тілімізді іздейді. Ашық-шашық құты қашқан киім емес, оюының өзі мән-мағына беретін, өң түгілі санамыздан жоғалып бара жатқан бешпет пен қамзол, кимешек пен кебісті іздейді. Бұл жайлы термесінде:
«Осыны ойлап шақша бас болды шарадай,
Барамыз ұлт боп балынан безген арадай.
Саптама етік сандықтың
жатып түбінде,
Жаулығың қалды шаң
сүртуге де жарамай.
Наурыз келсе шапанын шалдар іздейді,
Жаңа жыл келсе маскасын киген баладай», – деп түйіндейді. Иә, жалғанды жалпағынан басқан атам қазаққа жарасқан оюлы шапан мен ұлттық кимдерді жылдың бір-екі мейрамында ғана көреміз. Ал, бешпет, камзол, кимешек пен кебіс, саптама етіктің жөні тіптен басқа. Санасын көгілдір экранмен ғаламтордың қызығы жайлаған жастардан қамзол, кимешек пен кебістің не екенін сұрап көр?… Арман айтқандай мұражайдан іздемесек жарар еді. Термесін түйіндей келе Арман ақын бас пайдасын ойлап қалталының сойылын соққан билерді емес, қара қылды қақ жарған әділ билерді іздейді. Әттең, о қазақ пен бұ қазақты сынай отырып, Арман іздеген жоқты ел болып іздегеніміз жөн болар еді. Әйтпесе қиырға құлаш ұрамыз деп жүргенде ұлттық құндылықтарымыз ұмыт қалатын сыңайлы.

Жайнарбек ЗАНДЫБАЙҰЛЫ, 
Ақмола облысы, 
Бұланды ауданы, 
Макин қаласы
islam-orkeniet.kz

 

 

Khan AliKhan Ali
9 лет назад 4451
2 комментария
О блоге
0
62072 96 208 783 121
Прямой эфир